Абай атындағы облыстық балалар кітапханасында 29 наурыз күні «Оқырман бенефисі» мерекелік құттықтау бағдарламасы өтті. Балалар кітабы апталығы аясында кітапхананың үздік оқырмандары номинациялары жарияланған.
2021 жылдың қорытындысы орай үздік оқырмандары келесі номинациялар бойынша марапатталды:
• «Ең бірінші оқырман» – Григоркевич Яна, 6 «А» сынып, «Қаныш Сәтпаев атындағы гимназия» КММ;
• «Ең кішкентай оқырман» – Бейсенбай Жәңгір, 4 жас;
• «Оқу рекордсмені» – Арун Асанәлі, 6 «В» сынып, «№15 ЖББМ» КММ;
• «Оқу рекордсмені» – Стадник Полина, 4 «В» «Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицей» КММ;
• «Фэнтези оқырманы» – Сергеев Олег, 4 «Б» сынып, «№11 НОМ» КММ;
• «Фэнтези оқырманы» – Владимир Назарым, 9«А» сынып, «№17 ЖББОМ» КММ;
• «Мәңгілік классика» – Сейтқазы Саида, 9 «В» сынып, «С. Саттаров атындағы № 57 мектеп-лицей» КММ;
• «Адал оқырман» – Островский Владислав, 9 «А» сынып, «№ 64 НОМ» КММ;
• «Кітапхананың айнымас досы» – Шалимова Алла, 7 «А» сынып, «№ 2 лицей» КММ;
• «Оқитын отбасы» — Ахылбековтар отбасы.
Номинанттарды марапаттау үшін кітапхана саласының ардаргерлері, мұғалімдер, банк қызметкерлері, кітапхана достары – кәсіпкерлер шақырылды.
Әр номинант дипломымен, Абай Құнанбаевтың «Қара сөздер» кітабы және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Іс-шараға №104 мектеп – гимназиясының 2 сынып оқушысы Ерман Зардыханұлы мен Ахмет Байтұрсынов атындағы мектеп-гимназияның 1 сынып оқушысы Кәусар Шорман қатысып өнер көрсетті.
«Ғашық көзбен қарадым гүл өңірге…» әдеби кеш
Балалар жылы және Балалар әдебиеті жылы аясында Абай атындағы облыстық балалар кітапханасында көрнекті қазақ ақыны, қарымды қаламгер, КСРО Журналистер Одағының мүшесі Жеңіс Қашқыновтың 80 жылдығына орай «Ғашық көзбен қарадым гүл өңірге…» атты әдеби кеш өткізілді.
Кездесуге Жеңіс Қашқыновтың қарындасы Сара Қашқынова мен ақынның інісінің ұлы Ернат Мелсұлы арнайы қонақ ретінде шақырылды. Сондай-ақ шараға «Қасым» республикалық қоғамдық-әдеби журналының бас редакторы С. Сағынтай, «Рухани жаңғыру» кеңсесінің жетекшісі, айтыскер ақын А. Жұмағұл және де Қарағанды қаласының мектеп оқушылары қатысты.
Кітапхана оқырмандары қарапайым жырларымен-ақ жеткіншектер жүрегіне нұр сеуіп, қыруар іс атқарған көрнекті балалар ақыны Жеңіс Қашқыновтың өлеңдері мен «Ақжолтай Ағыбай батыр» поэмасыннан үзінді оқыды.
Кеш соңында Ернат Мелсұлы кітапхана қорына «Ағылшынша тіл сындыру» кітабын сыйлады.
«Театрдың сиқырлы әлемі» атты библиоперфоманс
Апталықтың аясында 28 наурызда «Театрдың сиқырлы әлемі» атты библиоперфомансы өткізілді.
Қарағанды мемлекеттік Халықтар достығы орденді К.С.Станиславский атындағы орыс драма театрының жас әртісі Кирилл Пловайко кітапхананың жас оқырмандарына шеберлік сыныбын өткізді.
Кирилл Пловайко кітапхананың жас оқырмандарына актерлік шеберлікті қалай дамыту керектігін, актер мамандығының қыр-сырымен бөлісіп, өзінің шығармашылық жолы туралы айтып, шығармашылық тұлғаның қалыптасуына актёр мамандығының берері көп екенін айтып өтті.
«Сиқырлы кітап әлемі» атты әдеби квест
Кітапханада 27 наурыз күні қазақстандық және шетелдік балалар жазушыларының шығармалары бойынша «Сиқырлы кітап әлемі» атты әдеби квест өтті. Қатысушылар әдеби квесте өздерін шытырман оқиғалардың нағыз кейіпкелері ретінде сезінді. Балалар ойын арқылы тапқырлықтарын танытуға, оқуға деген қызығушылығы мен білуге деген құмарлығын арттыруға, сөздік қорын байытуға мүмкіндік алды.
Балалар топтарға бөлініп, бағыттық парақтарын алып, квесттің локациялары бойынша әртүрлі тапсырмаларды орындады. Жеңіске жеткен топқа естелік сыйлықтар табысталды.
Тренинг
Коуч-психологтар Ольга Пенькова мен Татьяна Спиридонованың кітапхана оқырмандарымен жаңа кездесуі «Креативность: развитие творческого мышления» тақырыбына арналды. Зияткерлік еңбектің көптеген салалары креативті ойлау дағдыларын талап етеді. Бұл жасөспірімдердің өзін-өзі дамыту практикасына деген қызығушылығын дамытады.
Тренинг барысында коучтер қатысушыларға шығармашылық ойлау тетіктері туралы айтып, бірнеше практикалық міндеттер қойды. Оқырмандар ата-аналарымен бірге тренингке белсенді қатысып, тренингтік сабақтардың пайдасы жеке тұлғаның дамуы мен өзін-өзі жетілдіруі үшін айқын екендігі туралы қорытынды жасады.
«Іздеу» детективтік агенттігі» квиз
Детективтік жанрды сүйетіндер үшін кітапханашылар «Іздеу» детективтік агенттігі» атты танымдық-зияткерлік квиз ұйымдастырып өткізді.
Ойын барысында балалар 4 адамнан тұратын 9 командаға бөлінді. Олар детектив жанрына арналған викториналық сұрақтарға жауап берді. Ойын «сұрақ-жауап» механизміне негізделген, 3 раундтың нәтижелері бойынша дұрыс жауап беріп ең көп ұпай жинаған команда жеңімпаз атанды.
Бүгінгі таңда квиз ойыны жасөспірімдерге тиімді уақыт өткізудің және отбасылық демалыстың қызықты тәсілі. Қатысушылар ойынға белсене қатысып, өз пікірлерімен бөлісті.
Балалар жазушысы, блогер Дина Оразмен кездесу
25 наурыз кітапханамыздың оқырмандары үшін ерекше күн болды.
Балалар кітабы апталығы аясында нағыз балалар жазушысы, блогер, журналист, «Арыстандардың тістерін кім емдейді?», «Бір мүйізді қайда тұрады?» кітаптарының және басқа да шығармалардың авторы Дина Оразмен кездесу өтті.
Іс-шара барысында жас оқырмандар біздің қонақтың әңгімесін қызыға тыңдады және ол жүргізген тез оқу шеберлік сыныбына белсене қатысты.
Кездесу соңында балалар өз әсерлерін поэзия немесе прозаның шағын жанрлары түрінде білдірді — синквейн жасады.
Жүрегі ашық, ақжарқын балалар мен ересектермен әрқашан ортақ тіл мен тақырыптарды табу оңай және тіл табысуға болады.
Жазушымен кездесу әрқашан мереке, өйткені одан алған әсерлер әдетте өмір бойы есте қалады.
«ВТеме» TableTalk
Кітапхана оқырмандары Балалар кітабы апталығының аясында сүйікті кітаптар туралы ой бөлісу үшін «ВТеме» TableTalk атты кітапқұмар балалардың кездесуі болды. Іс – шараның мақсаты кітапсыз өмір сүре алмайтын жасөспірімдердің басын қосу. Қатысушы балалар әдебиеттің басты трендтерін талқылап, кітапхана қорындағы жаңалықтармен танысты.
Жазушы Сәуле Досжанмен кездесу кеші
25 наурыз кітапханамыздың оқырмандары үшін ерекше күн болды.
Балалар жылы және Балалар әдебиеті жылы аясында кітапханада ақын, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанмен кездесу кеші өтті.
Кездесу кешіне жазушы, журналист, өлке тарихын зерттеуші Төрехан Майбас; «Bolashaq» академиясының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі; ф.ғ.к, профессор Құрманғазы Сембиев; суретші, «Невада-Семей» ядроға қарсы халықаралық қозғалыстың белсендісі, С.Досжанның «Қасірет пен тағдыр» кітабының мұқабасында бейнеленген картинаның авторы Кәріпбек Куюков және Қарағанды қаласының мектеп оқушылары, колледж студенттері қатысты.
Кеш барысында оқырмандар сүйікті жазушыларына сұрақтарын жолдап, сүбелі сұхбат өрбіді. Сәуле Досжан әр сауалға тұщымды жауап беріп, шығармаларының кейіпкерлерін өз өмірінен алатындығына тоқталды. Кеш соңында сыйлы қонаққа тарту табысталды. Сәуле Досжан да оқырмандарын құрметтейтінін айтып, кітапхана басшысына, ұжымына алғысын білдіріп, авторлық кітабын тарту етті.
«Мың тағзым саған, кітап!»
Наурыз айының 24 күні «Мың тағзым саған, кітап!» атты балалар кітабы апталығының ашылуы өтті.
Балалар мен ересектер ашылу салтанатының басты қонақтары болды. Әр қатысушы мерекелік іс-шараға өзінің шығармашылығымен және көтеріңкі көңіл-күйімен келді.
Шара барысында Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің «Көпшілік театрландырылған қойылымдардың режиссері» бөлімінің студенттері дайындаған Самуил Маршактың «Кітапша туралы кітап» өлеңі бойынша театрландырылған қойылым көрсетіп және «Қуаныш» үлгілі хореографиялық ансамблінің «Пингвиндер» биін биледі. Оқырман балалар кітап және кітапхана туралы өлеңдерді мәнерлеп оқыды.
Апталық аясында балалар мен оқырмандарды ақын-жазушылармен кездесулер, тақырыптық квесттер мен квиздер, кеңінен танымал кітаптарды талқылау (table talk), фильмдер мен мультфильмдер көрсетілімі және т.б. күтуде!





































































































